Біздің мектептің түлегі, мақтанышы ! » Алтай қаласының № 9 орта мектебі
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
Алтай ауданы бойынша білім бөлімінің
"Алтай қаласының №9 орта мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72335) 7-91-17
Есепші бөлімі:
+7(72335) 7-91-17
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » » Біздің мектептің түлегі, мақтанышы !
08
ноябрь
2022

Біздің мектептің түлегі, мақтанышы !


ЖАННЫҢ ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІКТЕРІ
Негізі, Жанның әке-шешесі Катонқарағайдың ең түкпірінде орналасқан Аршаты ауылынікі. Жан оны жақсы біледі. Әкесіне еріп талай барған. Ауылдың жоғары жағындағы томпақта ата-бабасы жатыр. Талай қолын жайып, бетін сипағаны есінде. Әкесінің, ата-бабасының кіндігі қиылған мекен бұған да алыс емес. Екі апайы да Аршатыда дүние есігін ашыпты. Ал, өзі Алтай қаласында дүниеге келді. Әке-шешесі сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында таман заман ағымына ілесіп, Үлкен Нарынға, кейін Алтайға көшіп келген екен. Әкесі Раджан мен анасы Альмира осы жерде өз кәсіптерін ашып, біржола орнығып қалыпты. Екі апайы да осы жерде тұрмысқа шықты.
 Әлі есінде, 2010 жылы бұл алты жасқа келгенде әке-шешесі қолынан жетектеп әкеп, каратэ мектебіне енгізіп еді. Бірінші жаттығудан бастап-ақ спорттың бұл түрі Жанға өте ұнады. Жаттықтырушы  ағасы Еркебұлан да өте мықты азамат екен. Жаттығудан мүлдем қалмайтын болды. Ағасының айтқанын екі етпейді. Ақырын-ақырын жарыстарға қатысып, жүлделі орындар ала бастады. 2012 жылы Өскемен қаласында өткен облыстық чемпионатта жеңіс тұғырына көтеріліп, алғашқы белбеуін беліне байлады. Осыдан кейін-ақ Жанның жеңіс тұғырына көтерілу сәттері жиілей бастады. 2014 жылы Семей қаласында болған республикалық жарыста топ жарып, Азия чемпионатына жолдама алады. Сол жылы Алматы қаласында өткен чемпионатта жартылай финалға дейін жетіп, тәжік спортшысынан жеңіледі. 2016 жылы Семей қаласында өткен республикалық жарыста бірінші орын алып, Алматы қаласында өткен Азия чемпионатында жартылай финалда тағы да бұрынғы тәжік қарсыласына есе жіберіп алады. 2018 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық жарыста  бірінші орын алып, Еуропа чемпионатына жолдама алады және спорт шеберіне үміткер атанады. Польшаның астанасы Варшава қаласында өткен дүбірлі додада украин қарсыласынан ғана ұтылып, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанады. 2019 жылы Алматы қаласында өткен Азия чемпионатында жасөспірімдер арасында бірінші рет Азия чемпионы атанады. 2020 жылы Өскемен қаласындағы жарыста топ жарып, қара белбеудің иегері атанады. 2021 жылы Жан Алтай қаласынан орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы заң академиясына оқуға түседі. Алматы қаласында жүргенде де спорттан қол үзбей, Ахмадалиев Эркинбек деген азаматтың жаттығу залына барады. Қолы қалт етсе, жаттығуын үзбей, өзін-өзі шыңдай береді.
-    Жан өте алғыр, талапты шәкіртім болды, – деп еске алады шәкірттерінің арасынан жиырма бір спорт шеберіне үміткер, төрт спорт шебері шыққан  жаттықтырушы Еркебұлан Айдарханұлы, – алғаш келгеннен бастап-ақ көзге түсті. Өзі каратэмен қатар спорттық барлық түріне жуық. Футболды жақсы ойнайды. Өсе келе маған жақсы көмекші болды. Балалармен жеңіл тіл табысады. Ешкімді алаламай, білгенімен бөлісіп жүреді. Қазірдің өзінде Алматыда жүрсе де, жарыстарға Шығыс Қазақстанның, Алтайдың атынан шығады. Үнемі хабарласып, жарыстарда бірге жүреміз.   Айтса айтқандай, Жан 2021 жылы Астана қаласында өткен Республикалық жарыста Алтай қаласының атынан сынға түсіп, тағы да бірінші орынды жеңіп алды да спорт шебері атанды Сол жылы мамыр айында Алматы қаласында өткен Азия чемпионатында 18 жастан жоғарғылардың арасында күміс жүлденің иегері атанды. 2022 жылы 29 қазанда Алматы қаласында өткен Республикалық чемпионатта  18 жастан жоғарғылардың арасында бірінші орын алып, жеңіс тұғырына көтерілді. 
Бір өкініштісі, соңғы жеңістерін әкесіне айтып мақтана алмады. Ұлының тілеуін тілеп, жарыстарда жанынан қалмай, жан ұшырып бірге жүретін әкесі 2021 жылы қыркүйек айында  о дүниелік болып кетті. Сұм ажал әкесін елу үш-ақ жасында алып кетті. Жан әке үмітін ақтап, биік белестерді бағындыруды алдына мақсат тұтады.   

Бейімбет Болаев



Мекен жайымыз
Шығыс Қазақстан облысы, Алтай ауданы, Алтай қаласы, КОМАРОВ, 8 үй

©2016-2022, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Алтай ауданы бойынша білім бөлімінің "Алтай қаласының №9 орта мектебі" КММ
Барлық құқық қорғалған "Интерактивті мектеп" жобасы. Техникалық қолдаушы "Internet service" +77075327722,tangatarov13@mail.ru